Білімнің берекелі ұстаздары
Күні кеше ғана Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Білім» факультетінің білімді, белсенді, жалынды жастарының «Ұстаздар күні» мерекесіне орай арнайы іс-шарасы ұйымдастырылды. Арайлы таңның атысымен белсенді жастар профессор-оқытушылар қауымын университет алдынан әсем безендірілген дәліз арқылы күтіп алып, ұстаздарымызға ерекше көңіл-күй сыйлады. Студенттік декан– Байғазиев Асылбек Нәсіпқалиұлы бастаған факультет жастарының ұстаздарға деген тосын сыйлары мұнымен шектеліп қалған жоқ.
«Білім» факультетінің тапқыр жастары факультет деканы – Құрманбекова Айгүл Сауқымбекқызын құттықтауды да назардан тыс қалдырмай, деканның жеке жұмыс орнын әсем шарлармен безендіріп, әрлеп, арнайы гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, өнері өрге жүзген «Білімнің» өнерпаздары – факультет дәлізінде ұстаздарға арнап шағын мерекелік ән-шашу ұйымдастырып, ұстаздарды төл мерекесімен құттықтады. Мерекелік іс-шарадан соң, белсенді жастар университет алдында ұстаздармен естелік суреттерге түсті. Білім факультетінің барша ұстаздары шағын мерекелік іс-шарадан соң, белсенді білімгерлерге өздерінің алғыстарын жаудырды.
Мұхамбет Аружан
«Білім» факультеті студенттік деканының хатшысы