«Рухани жаңғыру және Шерхантану» орталығы

«Рухани жаңғыру және Шерхантану» орталығы

Орталық 2009 жылдың 29-сәуірінен бастап жұмыс жүргізуде.

 sherxantanu

 

Орталық директоры, өмірбаяны:

Кембаева Айнұр Тұрарқызы – 1999-2003 жж. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Әлем тілдері» факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын үздік аяқтаған;

2004 жылы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Филология» мамандығы бойынша магистратурасын үздік аяқтаған. Ф.ғ.д., профессор, Мемлекетік сыйлықтың иегері М.Мырзахметұлының жетекшілігімен «М.Х.Дулатидың «Жаһаннама» дастанының көркемдік-тақырыптық ерекшелігі» тақырыбы бойынша магистрлік диссертациясын қорғап, филология магистрі дәрежесін алды;

    2004-2009 жж. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Тараз институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының оқытушысы;

         2009-2011 жж. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Филология» кафедрасының аға оқытушысы;

        2011 жылдан «Шерхантану» орталығының директоры қызметін атқаруда;

        2013 жылы – Аймақтық Менеджмент Академиясының доценті;

   2016 жылы – Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.

Өзінің педагогикалық және ғылыми шығармашылық жолында 40-қа жуық ғылыми-әдістемелік еңбектері жарияланып, жарыққа шықты. Оның ішіндегі ең бастылары: 2006 жылы жарыққа шыққан «Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы» атты көмекші оқу құралының, 2017 жылы Қазақстанда тұңғыш рет жарыққа шыққан «Шерхантану» атты оқу құралының авторы, «Қазақтың Шерағасы» атты көптомдық шығармалар жинағының (11 том) редакциялық алқасының негізгі мүшелерінің бірі.

Орталықтың құрылу тарихы:

      Сындарлы саясатымен еліміздің жарқын болашағын бастаушы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үнемі руханият ісін алға өрлеткен ұлы тұлғаларымызға тағзым етіп келеді. Жүргізіліп отырған мәдени реформалар мен рухани өзгерістер еліміздің тарихи-саяси қайраткерлерінің өмірі мен өнегесін ұлықтап, ұлттық кеңістіктегі дара қызметтерін кейінгі ұрпаққа аманаттауды басты мақсат етуде. Осындай бастамаларды қолдап, рухани жаңғыруды көздеген университет басшылығының қырағылығы мен көрегендігі болар, 2009 жылдан бері Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы жемісті қызмет атқаруда.

      2009-2011 жылдар аралығында орталықты ф.ғ.д., профессор С.Құлбарақ басқарса, 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін орталықты А.Кембаева басқарып келеді. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап орталық «Рухани жаңғыру және Шерхантану» орталығы болып қайта жасақталды.

Орталықтың мақсаты мен міндеттері:

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жанынан құрылған «Шерхантану» орталығының мақсаты туған өлкеміздің түлегі, ел мақтанышы, Халық жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Ш.Мұртазаның шығармашылығын насихаттау, ғылыми зерттеуді ұйымдастыру және жоспарлы зерттеу жұмыстарын жүргізу, жазушының шығармашылығын зерттеуші ғалымдармен байланыс орнату және олармен шығармашылық бірлікте жұмыс атқару болып табылады. Орталықтың басты міндеттерінің бірі - жазушы Ш. Мұртазамен нақты байланыс орната отырып, оның шығармашылық зертханасына қатысты маңызды материалдарды жинастыру, сондай-ақ, мүмкіндігіне қарай қаламгермен әңгімелесу сұхбаттар өткізіп, танымал туындыларының жазылу жайына, жазушылық енбегіне, шеберлік-ізденіс жолдарына байланысты өзге де тың мәліметтер алу және оны уақтылы қағазға түсіріп, мұрағаттық құнды дерек көзіне айналдыру.

Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар, студенттерді ғылыми жұмысқа баулу болып табылады. Осыған орай, студенттерге Ш.Мұртазаның шығармалары бойынша курстық, дипломдық, магистрлік жұмыстардың тақырыптары ұсынылады, белгілі жазушылардың және жергілікті қаламгерлердің қатысуымен студенттерге арналған «Шерхан Мұртаза сабақтары» ұйымдастырылады. Республикалық әдеби «Ш.Мұртаза оқулары» ұйымдастырылып өткізіледі.

2017 жылғы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді орындау мақсатында орталық «Рухани жаңғыру» және «Шерхантану» орталығы болып жасақталуына орай, орталықтың тағы бір мақсаты - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы жұмыстарды жоспарлап ұйымдастыру, Шерхан сынды зау тұлғаларымыздың шығармашылығын зерттеп-зерделеу, өскелең ұрпаққа насихаттау, сонымен қатар, салт-дәстүрлерімізді, ұлттық сананы жаңғырту   болып табылады.

Орталықтың ғылыми бағыты: Орталықтың жұмысы Халық жазушысы Ш.Мұртаза шығармашылығын зерттеумен шектелмейді, бүгінгі әдеби процесс, сонымен қатар облыс көлеміндегі әдеби-тарихи тұлғаларды, белгілі бір тарихи жағдайды бейнелейтін халықтық туындыларды зерттеумен, жалпы әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселелерімен де айналысады.

Орталықтың жетістіктері:

Кітап оқымайтын кемеңгерлер көбейген кезеңде Шераға шығармаларының шырыны өскелең ұрпақтың бойына қуат, жанына азық болары анық. Университет жанынан құрылған «Рухани жаңғыру және «Шерхантану» орталығының ашылу сыры да осы. Қаламгердің Қаратаудай қазыналы қойнауына терең бойлап, болмысын тану, асқаралы абыройын асыру.

2009 жылы ашылған «Шерхантану» орталығы бүгінгі күнге дейін біраз тірлік атқарды. Қазақтың Шерағасы» атты көптомдық шығармалар жинағы жарыққа шығып, 1-кітабы 2010 жылы 1000 данамен жарыққа шығып, биылғы жылы бұл жинақтың саны 11 томға жетті. Орталықта жинақталған мұрағаттық дүниелері негізінде 2 фотоальбом орталық қорын толықтырды. Сонымен қатар, тұңғыш рет «Бір кем дүние» философиялық шығармасының 2-ші кітабы 1000 данамен жарыққа шықты. 80 жылдық мерейтойына орай библиографиялық көрсеткіші, «Шерхан Мұртаза шығармашылығы және қазақ руханияты» тақырыбындағы республикалық конференцияның 2 жинағы, «Тәуелсіздік жолы», «Тарихқа тағзым» атты жас ақындар шығармашылығының 5 жинағы және ең бастысы Қазақстанда тұңғыш рет «Шерхантану» оқулығы жарыққа шықты. Осыған байланысты, «Шерхантану» орталығының ұйытқы болуымен 2018 жылдан бастап Жамбыл облысының көптеген мектептерінде «Шерхантану» курсы енгізіліп, оқытылуда.

Жазушы шығармаларын насихаттай отырып ғылыми-зерттеуді ұйымдастыру, шығармашылық шеберлігінің қыр-сырын ашу жас жеткіншектер үшін «Шерхан әлеміне» апарар жолдың бастауы болмақ. Жақсылардың жетелі ойына қызығатын жастар Шерхан шығрамшылығына ден қоятындығы қуантады. Жылдағы дәстүр бойынша 1-курс студенттері үшін орталық арнайы таныстыру кешін ұйымдастырып, сөз өнеріне жақындарын іріктеп алады. Студенттер үшін «Шерхантану» орталығы білім мен ғылымның, сөз өнерінің, іздену мен еңбектің таптырмас мекені. Орталық үнемі түрлі тақырыптағы іс-шаралар, байқаулар, мүшәйралар, айтыс, кездесулерді жоспарлап, өткізіп отырады. Олардың көпшілігі университет өміріне бейімделу үшін 1-курс студенттеріне арналады. Мұндай байқаулардан жүлделі орындарды иеленген студенттер арнайы дипломдармен, бағалы сылықтармен марапатталып, ең бастысы орталықпен тығыз қарым-қатынас жасап, жазушы шығармашылығына терең бойлаған студент үшін «Шерхан стипендиясы» тағайындалады.

Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі - студенттерді ғылыми жұмысқа баулу болып табылады. Студенттерге Ш.Мұртазаның өмірі мен шығармашылығы бойынша курстық, дипломдық, магистрлік жұмыстардың тақырыптары ұсынылады. Қазіргі күнге дейін 20-ға жуық дипломдық және магистрлік диссертациялар сәтті қорғалды. Сонымен қатар, белгілі жазушылардың және жергілікті қаламгерлердің қатысуымен студенттерге арналған «Шерхан Мұртаза сабақтары» ұйымдастырылады.

«Шерхантану» орталығының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізетін дәстүрлі «Шерхан оқулары» республикалық байқауы жылына 1000-ға жуық оқушы мен студентті қамтиды. Байқаудың бас жүлде иегері «ректор грантына» ие болса, 2-орын иегері 50%, 3-орын иегері 25% жеңілдікті иеленеді.

ТИГУ білім беру бағытында кешенді жұмыстарды жүзеге асырып келеді, ауқымды жобалардың қатарында «Шерхантану» орталығының да жұмысы жандана түспек. Жоспарлы жұмыстар өскелең ұрпақтың үлесі биік, санасы сергек, танымы кең болуына жолашары анық.

Қилы заманның қиындығын көрсе де, жалған атақ пен жағымпаздыққа бой алдырмаған шерлі жазушының шығармалары бүгінгі буынның шамшырағы секілді.   «Ай мен Айшаны» астастырып, «Қызыл жебені» қорамсақтан суырып, «Қара маржанды» қазынаға айналдырып, «Тамұқтан» жол тапқан жазушы «Бір кем дүниені» келер ұрпақ түгендесе екен дейді. Сол кемшіліктерді түгендей білетін жастарды тәрбиелеу - біздің басты мақсатымыз.

Орталық қызметкерлері:

Бекназаров Бахтияр Арманұлы – орталықтың бас маманы, 2018 жылдан орталықта қызмет атқаруда;

Байсақалова Жадыра Манатқызы – орталықтың жетекші маманы, 2011 жылдан орталықта қызмет атқаруда.

Мекенжайы: Желтоқсан көшесі, 69Б., Бас оқу ғимараты, 1-202 бөлме

Ұялы тел: 87771704185

Жұмыс телефоны: 8(7262) 54-30-39

E-mailKembaeva_ainur@mail.ru

Instagram: Sherkhantanu

sherkhantanu 7sherkhantanu 3sherkhantanu 8